Биография
Награды
Публикации о Сариеве

Серик Сариев

«Менің биім – менің бүкіл ғұмырым».


Өмірі – өнер. Өнері – би. Оңды солды қимылдап, ырғалу ғана емес, сол қимыл-қозғалыс арқылы сөйлеу, қоғамға өз ойын айту. Оның биі – өз бөбегі. Сондықтан, оған ешкімді араластырмайды. Дамытады, киіндіреді. Киім үлгісін де өзі сызады. Суретшілігі де жоқ емес. Бірақ, ең бастысы – ол ұстаз. Оның есімі – Серік Сариев.

Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінде дүниеге келді. Ата-анадан алтау. Үй ішінде үш қыз, үш ұл. Балабақшадан-ақ биге құмар. Еріккен тәрбиелеушілері кішкентай Серікті билетіп қояды екен. Бұнысы алғашқыларына да ұнайды, соңғысы да сүйікті ісімен айналысып тұрғанына мәз. Мектеп қабырғасында тұңғыш рет 3-сыныпта сахнаға шыққан бүлдіршін биші, 5-сыныпқа аяқ басқанда ауданаралық балалар байқауына қатысады. Сүйтіп, сары баланың билеп берген үнді биі үздік атанып, алғашқы жүлдесін иеленеді. 7-сыныпта акт залының кілті тек оның қалтасында ғана болатын. Өйткені, маман жетіспеушілігінен оқушы Серік мектептің «биден беретін ағайы» атанды.

Бала кезінен үнді биіне құмартқан бала болашағын немен байланыстыратынын іші сезіп-ақ жүрді. Әдетте бала арманын ата-ана қолдай бермейді. Бұл жағдайда да осы қарсылық айналып өтпеді. Бірақ, бірбеткей Серік тоғызды тәмамдап Ақтау қаласына тайып тұрады. Ауылға Маңғыстау өнер колледжі, хореография бөлімінің студенті болып оралды. Бүгінде әкенің кезінде айтқан «әй, ермек қой би дегенің» дегені, Серіктің өмірі. Серіктің өз мектебі. Талай дүбірлі додада бүкіл бір Ақтау қаласының, керек десеңіз Маңғыстаудың намысын қорғап жүрген де Серік Сариев мектебі.

«Бас төреші – көрермен» дейтін хореографтың өмір жолы оңай емес. Шығармашылық жолын ақтаулық әнші Гүлнар Бисембиеваның шоу-тобынан бастаған студент Серік, түрлі концерттік шараларға қатысып, үлкен сахнаға, қараңғылығы басым болғандықтан үрей туғызатын көрермен залына еті сіңіп, үйрене бастайды. Кейін, сондай шаралардың бірінде жас баланың талантын байқаған мәдениет қайраткерлері оны қалалық Абай атындағы мәдени-демалыс кешеніне шақыртады. Қызметке әрине. Бұл 1996 жыл еді. Сол жылдары жастардың атышулы «Тенериф» вокалды тобына хореограф болып келген жас маман жол-жөнекей шағындау ұжым құрып, бір жыл бойы дайындайды. Нәтиже жаман емес. Бір жыл бойы төгілген тер зая кетпеді. «Спорт және музыка» би байқауында тәй-тәй басқан «Жорға» әуесқой би тобы 1-орынды иеленді. Бұл шын жеңіс болатын. Дәл осы жетістік талай-талай шыңдарды бағындыруға анық серпін болғанын бүгінде Серік мақтанышпен еске алады.

1997 жылы екі бағытта оқыту жүргізілетін би мектебі талапкерлерді жинай бастады. Бірінші бағыт – шығыс билерінің «Шива» ансамблі, екіншісі – «Жорға» қазақ эстрада билерінің ансамблі. Бала арманы болашаққа жетелеген 6-7 жасар бүлдіршіндер биші боламыз деп ағылды дейсің. Үш жылдық оқытудан өткендері екі жыл қатарынан би ұжымдарының құрамында түрлі шараларға қатыса бастады. Мектеп шәкірттерінің көптігі ме, бишілер қатары «Наз» би ансамблімен де толықты. Барлығының ұстазы бір адам. Шаршамайтын, алған беттен қайтпайтын, ақыл мен мінезге бай Серік Сариев.

Кезекті биінің мазмұнын, хореограф, негізінен қоршаған ортадан алады. Жапырақтың сыбдыры, желдің уілі, түнгі қаланың оттары және т.б. Ертең туындайтын па, бүгінгі көңілге де байланысты болуы мүмкін. Киім үлгісі де биімен үндес. Матасын таңдаудан бастап, тігісін жүргізуге дейін жеке өзі араласып, қатысады. Әрине ине ұстайтын шеберлердің көмегінсіз тағы болмайды. Оларға да жеке алғыс.

Үйіне шәкірттерін жинап алып, ұнайтын тағамы манты пісіру, жаңа фильмдерді тамашалап, оны талқылау – ұстаз тәрбиесінің бір ұшы. Осылайша бір отбасының ұл-қыздарындай болған Серік оқушылары «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарғанда» ғана жеңіс тұғыры «Жорғаныкі» екенін жақсы біледі.